Алматы облысында жеке балабақшада төрт жасар қыз көз жұмды

Алматы облысы Талғар ауданының әкімдігі төрт жасар бала өлімінің мән-жайын айтты. Әкімдіктің хабарлауынша, қайғылы оқиға “Талғар-Нұрәлі” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің “Бүлдіршін” балабақшасында болған. “Алдын ала мәлімет бойынша баланың тамағынан қатты зат табылған. Қылмыстық іс қозғалды, тергеу жүріп жатыр”, – деп жазылған хабарламада. Оқиға орнына аудан әкімінің орынбасары мен білім бөлімінің жетекшісі барады. Әкімдіктің мәліметіне сүйенсек, “Бүлдіршін” балабақшасы 2015 жылдан бері жұмыс істейді. Көз жұмған қыз өткен жылдың 8 қарашасынан балабақшаға барып жүрген. Баланың өлiмiне кiнәлiлер бес жылға бас бостандығынан шектелуі немесе айырылуы мүмкін.