Алматыда 40 адамды кене шақты

Алматыда сәуір айында қалалық жедел-шұғыл көмек көрсету ауруханасына кене шаққан 40 адам түскен, деп хабарлайды «Хабар 24». Олардың барлығына кене иммуноглобулині салынды, – деді аурухананың қабылдау бөлімінің меңгерушісі Бауыржан Омаров. Ал жыл басынан бері екі адамнан кене энцефалиты табылған. Мамандардың айтуынша, сәуір мен маусым айларында қауіпті жәндіктер белсенді болады. Алматыда кене шағу ықтималдығы жоғары аймақтарға Көктөбе, Медеу және Алма-арасан шатқалдары жатады. Сондықтан дәрігерлер табиғатқа шыққанда абай болуды ескертеді. Ақ түсті жабық киім киген жөн. Егер кене шақса, алғашқы 72 сағатта дәрігерге көріну қажет.