Алматыда Дужновтың ісі сотқа жолданды

Былтыр ол өзінің отбасын үйден шығаруға келген адамдарға оқ жаудырған. Соның салдарынан екі полицей, сот орындаушы, үйдің жаңа иесі және оның өкілі қаза тапты. Бұл туралы Алматы қалалық соты хабарлады. Игорь Дужновқа қатысты “Адам өлтіру” және “Құқық қорғау органдары қызметкерінің жеке өміріне қол сұғу” бабы бойынша қылмыстық істі тергеу басталды. Ол 20 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Күдіктінің отбасына тиесілі үй бұрын банкке қарыз болғаны үшін сатылған. Бұрынғы қожайын сот шешімімен келіспей, көшкісі келмеген. Сот жаңа иесінің жағына шықты. Бұған дейін Дужнов адамдардың қазасына өкінетінін мәлімдеді. Ол “заңсыздық пен сот озбырлығы, сот орындаушының заңсыз әрекеттері” осындай күйге жеткізгенін айтты. Оның әйелі Анаид Демирчян мүліктің тиын-тебенге сатылып кеткенін мәлімдеп, сот орындаушының әрекетіне шағымданды.