Алматыда полициямен атысқан ер адам 17-ші қабаттан секіріп кетті

“Бұқар Жырау Тауэрс” тұрғын үй кешенінде атыс шығарған ер адам терезеден секіріп кетті, деп хабарлады Sputnik Қазақстанға оқиға куәгерлері.
“Менің ойымша, секірген сол. Түтін соның терезесінен шығып жатыр. Сол қабат, балкон, өртке арналған саты тұрған жер жанып жатыр”, – дейді тұрғындар.
Бұған дейін қарулы ер адамның терезені сындырып, пәтер ішінде шам ұстап отырғаны хабарланды.
“Пәтер ішінен тарсыл естіліп, содан кейін ол 17-қабаттан секіріп кетті”, – дейді Sputnik Қазақстан.
Күндіз тұрғын үй маңында күзетшінің аяғына оқ атқан қарулы адам кешке дейін пәтер ішінде жасырынды. Сағат кешкі жеті шамасында полиция қарулы адамды ұстау бойынша арнайы операцияны бастады.
Алматы қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, қарулы адам құқық қорғаушылармен келіссөзге келмей, оларға қарсы он шақты рет оқ атты.
Ол адамның жобамен 50-60 жаста екені хабарланды. Ер адам бұған дейін де көршілеріне дөрекі мінез көрсеткен.
Айта кетейік, Алматыда бүгін “Бұқар Жырау Тауэрс” тұрғын үй кешенінде атыс болды. Түске жақын ер адам күзетшінің аяғына оқ атып, содан кейін пәтеріне жасырынды. Соған байланысты полиция ер адамға қарсы шабуылды бастады.
Алматы қаласы қоғамдық денсаулық басқармасы жарақат алған күзетшінің қаладағы медицина мекемелерінің біріне жеткізілгенін, жағдайы қалыпты екенін хабарлады. Оның өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.
Сонымен қатар желіде ер адамның күзетшіге оқ атқан сәттің видеосы жарияланды.