Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бейнежазба арқылы ел жастарына арнайы үндеу жолдады. “AMANAT” партиясының баспасөз қызметінің мәліметінше, съезд барысында жастар қанатын трансформациялаудың жаңа бағдарламасы қабылданды. Президент Жаңа Қазақстанның жастары айрықша түсінуге тиіс үш маңызды бағытты атады. Олар – терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет.
“Біріншіден, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар елді алға бастайды, болашақтың кілті – цифрлық технология мен инновацияда. Сондықтан бірнеше тіл біліп, түрлі кәсіп игеру жастардың қолынан келеді”, – деді президент. Елге тірек болу – әрбір жастың мұраты. Ел жастардан тың бастамалар және озық идеялар күтеді.”Екіншіден, жастар адал еңбекті бағалап, рухы биік, санасы сергек болуға тиіс. Жаңа заманның жақсы қасиеттерін бойға сіңіре отырып, жаһанданудың жағымсыз әсерлерін де естен шығармау керек. Мемлекеттік мүдде бәрінен биік тұруы керек”, – деген президент әрбір жасты ана тілін, ата дәстүрін, төл тарихын білуге үндеді. Үшіншіден, отаншылдық қасиет туралы мемлекет басшысы әркім қоғам алдындағы жауапкершілігін терең сезіну керек екенін, туған елге құрмет жалынды сөзден емес, жасампаз істен көрінетінін, алдына мақсат қойған азамат нағыз мемлекетшіл тұлғаға айналатынын ерекше атап өтті.