Қазақстан шетелден автокөлік әкелуге шектеу қоймайды – үкімет

Қазақстан шетелден автокөлік әкелуді шектеуді жоспарлап отырған жоқ. Бұл туралы премьер-министрдің баспасөз қызметі мәлімдеді. “Бүгінгі таңда шетелдік көліктерді заңнаманы бұза отырып елге әкелу жағдайлары жиілеп кетті. Атап айтқанда, ұрланған немесе кепілге қойылған, жалған нөмір тағылған көліктерді пайдалану фактілері анықталып жатыр. Осыған байланысты Қазақстанға “проблемалық” автокөлікті әкелудің алдын алу және жалпы әкімшілендіруді жақсарту үшін Көлік құралдарын әкелу ережелері әзірленуде. Онда мұндай автомобильдерге бақылауды күшейту, тіпті оларды елге әкелуді шектеуді көздейтін тетіктер қарастырылады”, – делінген хабарламада. Үкімет бұл шаралар шет мемлекеттерде тіркелген, ел аумағына заңды жолмен әкелінген және заңды бұзбай пайдаланылатын автокөліктерге қолданылмайтынын атап өтті.