Антикордың қызметкерлері ауыл әкімдерінен пара талап еткен

Түркістан облысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің жедел уәкілдері шенеуніктерден пара талап еткен. Сот үкімімен Антикордың екі қызметкері 6 жылға сотталды, деп хабарлайды бас прокуратура. Пара бопсалау фактілері Түркістан облысы Жетісай ауданының ауылдық әкімдіктерінде анықталды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің өкілдері Жетісай ауданының ауылдарына тексеріспен барған. Олар ауылдық округтердің әкімдерін қылмыстық жауапқа тартамыз деп қорқытып, ақша талап еткен. “Олардың тұрақты талаптарынан кейін әкімдік қызметкерлері тексерістің оң шешімі үшін тексерушілерге 400 мыңнан 630 мың теңгеге дейін пара беріп, кейін сол үшін ұсталған”, – деп мәлімдейді бас прокуратура. Салдарынан 7 ауылдық округтің әкімдері мен әкімдіктің 1 есепшісі әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды және айыппұл арқалады. Алайда бас прокурордың наразылығымен Жоғарғы сот оларды толығымен ақтап шықты. Өйткені Антикор өкілдерінің іс-әрекетінде тікелей арандатушылық бар екені анықталған.