Қапшағайда кафе күзетшілерімен төбелескен полицейлер жұмыстан босатылды. Кафеге келушілер екі күзетшіге шабуыл жасаған. Оқиға сыртқы бейнебақылау камераларына түсіп, кейін кадрлар әлеуметтік желілерде таралды. Видеода төбелесті бастаған Қапшағай полиция бөлімінің жедел қызметкерлері екені айтылған. Кейін Алматы облысының полиция департаменті оқиғаға қатысты пікір білдірді. Ведомство мәліметінше, ішкі қауіпсіздік қызметі мен кадрлар бөлімінің қызметкерлері бірден тексеруді бастаған. Нәтижесінде соталды тергеу басталып, төбелеске қатысушылар жұмыстан шығарылды. “Полиция қызметкерлері теріс іс әрекеттері үшін Ішкі істер органдарынан шығарылды. Олардың әрқайсысының кінәсі қылмыстық істі тергеу барысында анықталып, сараланады. Қол астындағы қызметкерлерінің тәртіпсіздігіне жол берген басшыларының жауапкершілігін қызметтік тергеу нәтижелері бойынша қарастырамыз”, – деді облыстық полиция департаментінің басшысы Серік Қүдебаев.