Қарағандыда ұйымдасқан қылмыстық топ кеншілерден ақша бопсалаған

Осындай күдікпен 10 адам ұсталды. Олардың ішінде топ көшбасшысы мен ең белсенді төрт мүшесі қамауға алынды. Қарағанды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, күдіктілер жәбірленушілерге физикалық және моральдық қысым көрсету арқылы ақша бопсалаған. Олар қару қолданып, криминалдық жанжалдарға қатысқан және осы облыстың Абай ауданына қарасты теміржол станциясында тасымалданатын жүктерді ұрлаған. Күдіктілерді ұстау барысында 15-ке жуық тінту іс-шарасы жүргізілді, нәтижесінде тіркелмеген атыс және суық қарулар, оқ-дәрілер мен діни әдебиеттер тәркіленді. Қазір қылмыстық топ мүшелерінің басқа қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.