«АрселорМиттал Теміртау» мүлкін ұрлаған директор екі айға қамауға алынды.
Қаржылық мониторинг агенттігі мүлікті жымқыру дерегі бойынша «АлбаСтройДор» ЖШС директоры С.Г. Кимге қатысты тергеу жүргізіп жатыр. 2015 жылы қос компания арасында қайта өңдеу қалдықтарына билік ету құқығынсыз домна шлагын қайта өңдеу туралы шарт жасалған.
Алайда С.Г. Ким өндірістік нысандарға еркін қолжетімділігін пайдалана отырып, зауыт аумағынан домна қоспасы мен кесек шойынды жымқыру схемасын ұйымдастырған. Ұрланған мүлікті кедергісіз шығаруға күзет ұйымы — «Күзет» ЖШС тартылған, оның қызметкерлері автокөліктердің бақылаусыз өтуін қамтамасыз еткен.
Ұрланған мүлікті С.Г. Ким өз бақылауындағы серіктестіктер арқылы заңдастырған. Нәтижесінде жалпы сомасы 1,8 млрд теңгеден асатын 31 мың тоннадан астам өнім ұрланған, — деп хабарлады ҚМА ресми өкілі Ернар Тайжан.
Қазір сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.
