“Астана LRT” ісі бойынша сотталғандардың бірі бостандыққа шықты

“Астана LRT” ісі бойынша сотталғандардың бірі Талғат Әшім бостандыққа шықты. Бұл туралы Әшімді сотта қорғаған адвокат Джохар Өтебеков мәлімдеді. “Менің клиентім Талғат бостандыққа шықты! Ол ешқайда кетпеу туралы қолхат берді. Бізді қолдағандардың барлығына рахмет! Бұл өмірдегі керемет және қиын жеңіс!”- деп жазды Өтебеков Facebook парақшасында. Айта кетері, Astana Innovations басқармасының бұрынғы төрағасы Талғат Әшім 2021 жылдың мамырында жеті жылға бас бостандығынан айырылды. Күзде үкімнің күші жойылды, алайда сотталғандар әлі де болса тергеу изоляторында болды. Сондай-ақ Өтебеков Талғат Әшіммен бірге тағы бір сотталушының қолхат беріп босатылғанын айтты. Ал бес адам қазір тергеу изоляторында. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің мәліметінше “Астана LRT” ісі бойынша басты күдіктілер Талғат Ардан Түркияда, ал Қанат Сұлтанбеков АҚШ-та жасырынып жүр.