Қазақстан Беларуське бронды техника жіберген жоқ – қорғаныс министрі

Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов Қазақстан ҰҚШҰ жаттығуларына Беларуське бронды техника жөнелтті деген қауесетті жоққа шығарды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан. “Интернетте тараған Қазақстан бронды техника жіберді деген ақпараттар – фейк. Қазіргі таңда бүкіл техника тұрақты дислокация пунктерінде тұр, 11 адамнан құралған жедел топ жіберілді. Тиісінше, бұл басқару органдарының жұмысы”, – деді Жақсылықов. Оның айтуынша, жоспарлы оқу-жаттығулардың орны алдын ала таңдалады. “Бұл жерде Украина локациясының қатысы қанша? Беларусь – бейбіт мемлекет, ҰҚШҰ мүшесі. Өткізу орны туралы шешім күні бұрын қабылданады. Қандай да бір қауіп немесе мәселе жоқ”, – деді министр.