Бұл туралы ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. Министр орынбасары Әбілхайыр Тамабек Жамбыл облысының Меркі, Жамбыл, Байзақ және Талас аудандарына барып, жергілікті шаруалармен кездесті. Жамбыл облысы – Қазақстандағы қант қызылшасын өсіретін негізгі өңірлердің бірі. Қант қызылшасы алқабының азаюына шығынның көптігі мен экономикалық тиімсіздігі, ылғалмен қамтамасыз ету проблемасы; шаруаларды техникалық жабдықтау мәселесі себеп болған. Сондай-ақ өткен ғасырдың 30-шы жылдары салынған қант зауыттары әбден тозған. Зауыттардың технологиялық жабдықтарын жаңғырту үшін көп инвестиция қажет. “Фермерлердің проблемалары мен ұсыныстарын назарға ала отырып, ауыл шаруашылығы министрлігі қант саласын жаңғырту жоспарын пысықтап жатыр”, – деп мәлімдеді ведомство.