Қазақстанда мәжіліс және мәслихат сайлауына 15,3 млрд теңге бөлінеді

Қазақстанда мәжіліс және мәслихат депутаттары сайлауын өткізу үшін бюджеттен 15,3 млрд теңге қаражат бөлінеді: 4,5 миллиарды 2021 жылға арналған бюджеттен алынады. Сәрсенбі күні орталық сайлау комиссиясының отырысы кезінде комиссия мүшесі Сәбила Мустафина осылай деп мәлімдеді. Оның сөзіне қарағанда әзірге үкіметке 10,8 млрд теңгенің сметасы таныстырылған. Қаражаттың негізгі бөлігі (7,3 млрд теңге) 10 061 сайлау комиссиясындағы 70 681 қызметкердің еңбекақысын төлеуге жұмсалады. Қалған 3,5 млрд теңге сайлау комиссиясын ұйымдастыру, атап айтқанда бюллетень, полиграфия және өзге де өнімдерді дайындауға, сайлау кампаниясын жарнамалауға жұмсалады. Ол сонымен бірге карантин ережелерін сақтау үшін 341,4 млн теңге жұмсалатынын, оған сайлау комиссиясының мүшелеріне қажет қорғаныш құралдары сатып алынатынын айтты.