Қазақстанда пандемия кезінде ана өлімі төрт есе көбейген

Қазақстанда пандемия кезінде ана өлімі төрт есе көбейген. Соған байланысты дәрігерлер әйелдерге коронавирус пандемиясы аяқталғанға дейін жүкті болмауға кеңес берді деп хабарлайды “Астана” телеарнасы. Елімізде тоғыз айда 136 жүкті әйел қайтыс болған. Оған дәрігерлердің пандемия кезінде уақтылы көмек көрсете алмауы себеп. Сарапшылар коронавирустың екінші толқыны болса, жағдай қайталануы мүмкін деп қауіптеніп отыр. Сондықтан дәрігерлер қатені түзеп, коронавирус жұқтырған жүкті әйелдерді емдеу хаттамасын әзірлеуде. Қазақстанда қазір бес мыңға жуық жүкті әйел коронавирус жұқтырған.