Қазақстанда педофилдерге электронды білезік тағылады

2022 жылдың қаңтарынан бастап педофилдерге электронды білезік тағылады. Бұл туралы ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан. Ол пробациялық бақылауды дамыту үшін электронды білезіктер енгізіліп жатқанын атап өтті. “Биыл біз пилот ретінде осы жұмысты бастаймыз. Бірінші кезекте 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап электронды білезіктер педофилдерге тағылады”, – деді Тұрғымбаев. Министр Қазақстанда зорлық-зомбылық үшін қылмыстық жауапкершілік қатаңдатылғанын еске салды. Енді осы қылмыс үшін сотталғандарға мерзімінен шартты түрде босату және рақымшылық шаралары қолданылмайды.