Қазақстанда өткен тәулікте 442 адамның коронавирус жұқтырғаны анықталды

1 қараша күні Қазақстанда 442 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны анықталды. Олардың бәрінде ПТР тестінің нәтижесі оң шыққан. Инфекция жұқтырғандардың жартысына жуығы Шығыс Қазақстан облысының үлесінде. Мұнда жексенбі күні 245 адамнан коронавирус анықталған.

Осыған дейін Шығыс Қазақстан облысында науқастар санының күрт көбеюінің себебін түсіндірген жергілікті денсаулық сақтау басқармасы оған жұрттың санитарлық талаптарды сақтамауы, облыс аумағында ары-бері жүрген жолаушылардың көптігі себеп болып отыр деп мәлімдеген.

Елде вирус жұқтырғаны Covid тестімен расталған науқастар саны 112 860 болды: 106 мыңнан астамы жазылған, 1852-і қайтыс болған. Бұл статистикаға коронавирус жұқтырғаны расталған, бірақ “ілеспе аурудан қайтыс болды” деген жүздеген адам кірмеген.