Бүгін – Абай күні

Бүгін – Абай күні. Үкіметтің қаулысымен 10 тамыз мемлекеттік мерекелер күнтізбесіне енгізілді. Тарихи датаға орай елімізде 100-ге жуық іс-шара өтеді. Бұл туралы мәдениет және спорт министрлігі хабарлады. Ұлы ойшылдың тұлғасы мен мұрасын ұлықтау Семейдегі «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалды қорығында басталады.

Мұнда «Хәкім Абай» атты арнайы әзірленген бағдарлама тікелей эфирге шығады. Бұдан соң өңірлерде ақынның шығармалары оқылады. «Абай және XXI ғасыр: болашақпен сұхбат» атты халықаралық конференция өтеді. Бұдан басқа Абай қорық музейі мен «Абай-Шәкәрім» кесенесіне онлайн экскурсия жасауға болады. Абай қазақтың ғана емес, адамзаттың ақыны. Сондықтан ұлы ойшылдың шығармалары әлемнің сегіз тілінде оқылмақ. Осы мақсатта «Abai World Challenge» атты бейнемарафон ұйымдастырылады.