Бағдат Мусин вице-министр болып тағайындалды

Қазақстан премьер-министрі Асқар Мамин цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің ұжымына бірінші вице-министр Бағдат Мусинді таныстырды, деп хабарлады премьер-министрдің сайты.

Мусин үкімет қаулысымен цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің бірінші вице-министрі болып тағайындалды. Ол министр қызметін уақытша атқаратын болады.

Жаңа басшыны ұжымға таныстыру кезінде Асқар Мамин мемлекет басшысы министрліктің алдына мемлекеттік қызметтер мен экономика салаларын цифрландыру жөнінде нақты міндеттер қойғанын, денсаулық сақтау және білім беру саласын цифрландыру мәселесіне ерекше көңіл бөлу қажет екенін атап айтты.

Сонымен қатар “Цифрлық Қазақстан” бағдарламасы шеңберінде ауылдық елді мекендерді сапалы интернетпен қамтамасыз ету, Қазақстанның инновациялық экожүйесін дамыту қажет екені айтылды.