БАҚ: Сот Болат Назарбаевтан “Барыс” автобазарын алып қойды

Қарасай аудандық соты бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болат Назарбаевқа тиесілі 37,6 гектар жерді сату-сатып алу туралы келісімшарт заңсыз жасалған деген шешім шығарған. Мұны жергілікті БАҚ жазды. Бұл ақпаратқа қарағанда, әңгіме “Барыс” автобазары туралы. Қазақстан ақпарат құралдарының жазуынша, Болат Назарбаевтың меншігіндегі 1,5 мың гектарға жуық жер мемлекет меншігіне қайтарылуы мүмкін. Сот шешімі шыққан, бірақ жауапкерге апелляциялық шағым түсіру үшін 10 күн берілген. “Пятый регион” басылымының жазуынша, Үшқоңыр округіндегі тағы бір ірі жер телімін Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды 49 жылға жалға алған. “Жерді жалға бергенде Қарасай аудандық жер қатынастары бөлімі ол учаске Алматы қаласының шекарасымен шектесетінін ескермеген. Қала шетіндегі жер есебіне жататындықтан, оны жер қатынастары бөлімі бере алмайды, ол – тек Қазақстан үкіметінің құзырындағы мәселе” деп жазылған іс материалында.