Балаларды оқтаумен ұрған бала бақша тәрбиешісі видеоны өзі жіберген

Ата-аналар отырған чатқа тәрбиеші байқамай бейнежазбаны салып жіберген. Оқиғаның мән-жайын балалардың ата-аналары айтып берді. Тәрбиеші балақайлардың шашынан жұлып, басынан тоқпақтаған, деп хабарлады «Астана» арнасы. Ата-аналар бұған дейін балаларының денесінен түрлі дене жарақатын байқаған. Тәрбиеші олардың құлап қалғанын айтып ақталыпты. «Баланы қылқындырып, аузына тұз салғанына дейін камерадан көрініп тұр», – дейді ата-аналардың бірі. Мектепке дейінгі білім беру мекемесінде қазір 95 бала тәрбиеленіп жатыр. Нысан осыдан 2 жыл бұрын ашылған. Балабақша меңгерушісі Анар Нұрсұлтанова болған жағдайға байланысты шұғыл шара қолданып, тәрбиешіні Еңбек кодексінің 52-бабы бойынша жұмыстан босатылғанын айтты.