Банкрот болған қазақстандық шет елге шыға ала ма

Банкрот деп танылған Қазақстан азаматтарына шекарадан шығуға ешқандай шектеу қойылмайды. Бұл туралы қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан. Айтуынша, кей елдерде банкрот болған адамдарға шетелге шығуға тыйым салынады. Бірақ Қазақстан заңнамасында мұндай норма жоқ. Тек сот банкроттығы бойынша процедура жүргізілетін кезеңде ғана ел аумағынан шығуға болмайды. “Біздің заңнамада тек қана екінші тәсіл (сот банкроттығы) бойынша сотқа жүгінген кезде, процедура алты ай қаралатын кезде ғана шектеу қойылады. Себебі процедура созылып кетуі мүмкін. Азамат сотқа жүгініп, шет елге шығып кетсе, процедура тоқтап қалады. Сондықтан нақты шешім қабылданға дейін шектеу қойылады”, – деп түсіндірді Біржанов. Ол банкроттық алғаннан кейін адамға ешқандай шектеу қойылмайтынын атап өтті. “Шешім қабылданды ма, екінші күннен бастап шетелге шығуға мүмкіндігі бар. Шекарада ондай шектеу жоқ”, – деді вице-министр.