Бассейнде қыздарға тиіскен: Алматы облысында демалыс аймағында төбелес шықты

Алматы облысындағы демалыс базасында ер адам бассейнде шомылып жүрген жасөспірім қыздарға тиісті деген күдікке ілінді. Демалыс аймағында түсірілген видео taldykorganec.insta паблигінде жарияланды. Жазба авторының айтуынша, ер адам бассейнде қызы мен сіңлісіне тиіскен. Күдіктіні тапқан кезде, оның айналасына бір топ адам жиналып қалған. Пост авторының сөзінше, ер адам мас болыпты, сол күні ол кәмелетке толмаған тағы екі қызға тиіскен. Демалып жүрген адамдар болған оқиғаны видеоға түсіріп, ер адамды “педофил” деп атады. Алайда ол бәрін жоққа шығарып, былапыт сөздер айтқан. Видеодан оқиғаның соңы төбелеспен аяқталғаны көрінеді. Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл оқиғаға қатысты түсініктеме берді. “Полицияға демалыс аймағында демалған әйелден суға шомылып жүрген 16 жастағы қызына тиіскен ер адамға қатысты шара қабылдау туралы арыз түсті. Қазір күдікті анықталды, ол Ескелді ауданы Қарабұлақ ауданының 34 жастағы тұрғыны”, – делінген хабарламада. Cотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл бап бойынша бес жылға дейін бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Полиция оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр, оның қорытындысы бойынша процессуалды шешім қабылданады.