Билік “Қазфосфат” басшылығына қатысты тергеу жүріп жатқанын хабарлады

Зауытты мәжілістің бұрынғы спикерінің ұлы басқарады
Минерал тыңайтқыштар өндіретін “Қазфосфат” зауыты басшылығына қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды деп хабарлады қаржы мониторинг агенттігі. Қылмыстық істі 13 шілдеде Жамбыл облысының экономикалық тергеулер департаменті тіркеген. “Монополия қызметі” бабы бойынша тергеу аймақтық бәсекені қорғау және дамыту департаментінің қорытындысы негізінде басталған. Қаржы мониторинг агенттігінің хабарлауынша, “аммофосты” қымбатқа сату арқылы “заңсыз табыс тауып”, “монополия жағдайын асыра пайдалану” фактісі тіркелген. Бір күн бұрын президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында тыңайтқыш зауыты үлестес компанияға өнімінің едәуір бөлігін сатып, өз кезегінде ол оны 30 пайызға қымбаттатып сатқанын айтқан. “Қазфосфат” зауытын мәжілістің бұрынғы спикері Нұрлан Нығматулиннің ұлы Нұрхан Нұрланов басқарады.