Білім министрлігі емтиханға енгізілетін өзгерісті жариялады

Мектептер бұрынғыдай оқу озаттарының тізімін өздері жасай алмайды. “Алтын белгі” төсбелгісіне үміткерлердің емтихан жұмысын білім басқармалары жанындағы комиссиялар қарайды, деп хабарлады білім және ғылым министрлігі. Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы Майра Мелдебекованың айтуынша, бұған дейін мектеп пен білім бөлімдері үміткерлердің жұмысын өздері тексеріп, “Алтын белгіні” тапсыру туралы шешім қабылдайтын. “Енді кеңестік кезеңдегідей емтихан жұмыстарын облыстық немесе республикалық маңызы бар қаланың білім басқармасы жанындағы комиссия тексереді. Комиссия құрамына білікті, тәжірибелі пән мұғалімдері кіреді. Осыдан кейін ғана мектеп үздік оқушылардың тізімін бекіте алады”, – дейді Мелдебекова. Ресми мәліметке сәйкес, 2020-2021 оқу жылында “Алтын белгіге” 9 822 оқу озаты үміткер болып отыр.