Бірнеше медициналық жоғары оқу орнында сынақ тапсырған студенттер бірдей төмен балл алды

Министрлік оның себебін түсіндірді. Оған техникалық ақау себеп болған. Жағдайды тексергенде тест кодтарында бірқатар техникалық сәйкессіздік анықталған. Бұл туралы “Астана” арнасы хабарлайды. Еске сала кетейік, Ақтөбедегі медициналық жоғары оқу орны студенттерінің барлығы бірдей 60-70 балл алған болатын. Бұл нәтиже резидентураға түсуге мүмкіндік бермейді. Мұндай жағдай, олардың айтуынша, басқа өңірлерде де болған. “Жүйеде дұрыс ескерілмеген ұпайлар студенттің пайдасына қайта қаралады. Студенттердің білімін төмен бағалаудың себептерін анықтау мүмкін болмаған жағдайда, республикалық аппеляциялық комиссияға барлық техникалық іркіліс жойылғаннан кейін емтихан нәтижелерін талдау және емтиханды қайта тапсыруға сұрау жіберіледі”, – деп хабарлады денсаулық сақтау министрлігі.