Биыл әліппе қайта оралды

Мамандардың айтуынша, ол Ахмет Байтұрсынұлының 1912 жылы шыққан оқулығының түпнегізінде жасалған, деп хабарлады Елорда Инфо. Сонымен, қазіргі әліппеде ұлт ұстазының кітабында ұстанған дыбыстық әдіс идеясы бар екен. Ондағы әріптердің орналасуы оңайдан қиынға бағытталған. Енді балалар сөйлем құрауды оңай игере алуы тиіс. Жаңартылған әліппеде заманауи технология да ескерілген. Оқулықтың әр бетінде Куар-код бар. Оны сканерлеп, аудиожазбалар тыңдауға да мүмкіндік бар. Тіпті тапсырмалар да жалпылама берілмей, оқушыға қосымша ретінде арнайы дискте ұсынылады. Жаңа оқулықтағы әріптердің реті өзгерген. Алғашқы «А» әрпінен кейін кезек бұрынғыдай «Б»-ға емес, «Р» әрпіне тиеді. Себебі Ахмет Байтұрсынұлы балаға әуелі «Ар» сөзін үйрету маңызды деген. Ескерте кетсек, жаңарған оқулықтың алғашқы данасы мектеп табалдырығын енді аттағалы отырған балалардың қолына ертең, яғни 25 тамызда тиеді.