Денсаулық басқармасы “вакцинадан кейін” қайтыс болды делінген адам өліміне қатысты түсініктеме берді

Алматы қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы “коронавирусқа қарсы вакцина салдырғаннан кейін” қайтыс болған қала тұрғынының өліміне қатысты түсініктеме берді. Бұл туралы Tengrinews сайты хабарлады. Бұған дейін марқұмның туыстары Бақытжан Нұртазиннің өліміне “дәрігерлер салғырттығын” кінәлаған еді. Басқарманың хабарлауынша, 42 жастағы Бақытжан Нұртазин коронавирусқа қарсы вакцинаның алғашқы дозасын 12 сәуірде салдырған. Басқарма өкілдері “процедура хаттамаға сәйкес болды” деп сендіреді. “21 күннен соң ол вакцинаның екінші дозасын алды. Дәрігерлер жағдайының орташа болғанын айтады. 30 минут бақылауда болып, процедурадан кейін Нұртазин үйіне қайтып кетті” делінген ведомство хабарламасында. Басқарма өкілдерінің хабарлауынша, үйде ер адамның жағдайы нашарлап, жедел жәрдем көлігі келгенше қайтыс болған. “Алдын ала ақпаратқа сәйкес, жүрек-қантамыр жүйесі жетіспеушілігінен қайтыс болған. Себебін анықтау үшін тергеу жүргізіліп жатыр, сот-медициналық сараптама басталды. Нәтижесі қосымша хабарланады, түпкілікті диагнозы гистологиялық зерттеуден кейін анықталады” деді дәрігерлер.