Елжан Біртановқа өкпенің қабынуы диагнозы қойылды

Коронавирус жұқтырған еліміздің Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа дәрігерлер пневмония диагнозын қойды. Ақпаратты ведомствоның ресми өкілі Диас Ахметшәріп растады.

Оның айтуынша, мамандар министрдің жағдайын орташа ауыр деңгейде деп бағалап отыр. Қазір ол инфекциялық ауруханада ем қабылдап жатыр. Дегенмен, сала басшысы өз жұмысын қашықтан жүргізуде.

Еске салайық, Елжан Біртанов коронавирус жұқтырғаны жайлы 14 маусым күні өзінің фейсбуктегі парақшасында жариялады.