Бұрынғы денсаулық сақтау минстрі аса ірі көлемде бюджет қаржысын жымқырды деп айыпталған болатын. Ол сот отырысында өзінің кінәсіз екенін, тағылған айыппен келіспейтінін айтып, соттан оны босатуын сұраған. «Мен қазір қамауда отырғанымнан гөрі бостандықта жүрсем, эпидемиямен күресуде қоғамға көбірек пайдамды тигізер едім. Менің денсаулық сақтау, медицина саласында жиған көп жылдық тәжірибем жеткілікті. Сондықтан эпидемиямен қалай күресу керектігін білемін”, – деді Елжан Біртанов. Прокурорлар Елжан Біртановтың үй қамақ мерзімін мамыр айының соңына дейін ұзартуды сұрады. Олардың айтуынша, егер Біртанов бостандықта жүрсе, тергеуге қысым көрсетуі мүмкін. Еске сала кетсек, былтыр жазда президент жарлығымен Елжан Біртанов қызметінен босатылған болатын. Кейін, қараша айында оған аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқырды деген айып тағылып, қылмыстық іс қозғалды. Ізінше, экс-министр үй қамаққа алынған еді.