Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы тергеліп жатыр

Әсет Қалиевке қатысты жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті қылмыстық іс қозғады. Ол коронавирус пандемиясынан пайда тапты деген күдікке ілікті. Оған Ақтөбе облысында жүрген кезінде медициналық қондырғы алуға бөлінген қаржыны талан-таражға салды деген айып тағылып отыр. Қаражат қауіпті індетпен күресу үшін қазынадан бөлінген. Мәліметтерге сүйенсек, Ақтөбе облысының бұрынғы денсаулық сақтау басқармасының басшысымен бірге тағы бірнеше адам тергеліп жатыр. Бірақ құзырлы орындар бұл туралы ашық ақпарат бермеген. Әсет Қалиев Ақтөбе облысының бас дәрігері қызметінен былтыр жазда босатылған. Артынша Жамбыл өңірінің басшысы Бердібек Сапарбаев оны Таразға шақырып алған. Алайда үстінен қылмыстық іс қозғалып жатса да, шенеуніктің әлі мемлекеттік қызметте жүргенін әріптестері растап отыр.