Анкара бұдан әрі қарай да Қазақстанның егемендігі мен территориялық тұтастығын қолдайды. Астанада жүрген Түркия басшысы Режеп Ердоған осылай деп мәлімдеді. Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары саммитіне келген Ердоған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен келіссөз жүргізді. Ердоған екі елдің “мәңгілік” бірлігі мен әріптестігі туралы айтып, Қазақстанды “бауырлас ел” деп атады. Бұл жөнінде Ақорда сайты хабарлады. Тоқаев та Түркияны “бауырлас” мемлекет деп атап, мамыр айында Анкараға барған сапары кезінде стратегиялық әріптестікті кеңейту туралы мәлімдемеге қол қойылғанын атап өтті. Тоқаев Ресейді айналып өтетін, Қытай мен Еуропаны жалғайтын Транскаспий тасымалдау бағытын дамытуға екі ел де мүдделі екенін мәлімдеді.