Фонограмма пайдаланғандар айыппұл төлейді

Фонограмма пайдаланғандар айыппұл төлейді. Оның мөлшері бір мың айлық есептік көрсеткішке тең болуы мүмкін. Фонограмма пайдаланғаны үшін жауапкершілік event-ұйымдарға, жеке кәсіпкерлерге, вокалистерге және шығармашылық ұжымдарға жүктеледі. Бұл норма Мәжіліс депутаттарының бастамасымен енгізілген еді.

Мәдени-бұқаралық іс-шаралар кезінде 200-ден астам көрерменнің алдында орындаушының алдын ала жазылған дауысымен өнер көрсетуіне жол берілмейді. Дауыс (вокал) фонограммасын пайдалану тек арнайы бейімделмеген және ән айтуға арналмаған орындарда, яғни ашық алаңдарда ғана рұқсат етіледі. Бұл аталған орындар жанды дауыста өнер көрсетуге техникалық тұрғыдан бейімделмеуімен және ауа райы жағдайларына байланысты түсіндірілді, – делінген министрлік хабарламасында.

Фонограмманы телевизиялық жазбалар барысында қолдануға рұқсат беріледі. Айта кетейік, Парламент фонограмманы пайдалануды шектеу туралы заңды биыл қараша айында қабылдады.