Израиль Мысырға Газа секторына гуманитарлық көмек жеткізуге рұқсат берді

Бейбіт тұрғындарға ауыз су, азық-түлік және дәрі-дәрмек жеткізіледі. Associated Press агенттігінің хабарлауынша, Газа секторы он күннен бері қоршауда. Израиль қорғаныс күштері (ЦАХАЛ) секторды қоршауды 7 қазанда Хамастың Израильге жасаған шабуылынан кейін бастады. Израиль билігі палестиналық содырлар барлық кепілге алынғандарды босатпайынша, блокаданы алмайтынын айтты, бірақ АҚШ президенті Джо Байденнің сапарынан кейін жұмсарғандай болды. Джо Байден Израильге сапары барысында Мысыр президенті Газа секторына гуманитарлық дәліз ашып, гуманитарлық көмек тиелген 20 жүк көлігінен тұратын алғашқы керуенді жіберуге келіскенін жеткізді. Көліктер Газаға 20 қазаннан кешікпей жіберіледі. Көмектің жеткізілу барысын БҰҰ өкілдері қадағалайды.