Эквадордағы қарулы қақтығыстан зардап шеккендер арасында қазақстандықтар жоқ

Еліміздің сыртқы істер министрлігі осылай деп хабарлады. “Қазіргі уақытта Эквадорда тұрақты негізде тұратын 7 Қазақстан азаматы бар, барлығы консулдық есепте. Олардан басқа бұл елге турист ретінде барған 3 адамнан тұратын қазақстандық отбасы бар”, – делінген хабарламада. Оларға қауіпсіздік шаралары туралы тиісті нұсқаулық берілді. Естеріңізге сала кетейік, Эквадордағы тәртіпсіздіктер қаңтардың жетісі “Лос-Чонерос” бандасының лидері түрмеден қашып кеткеннен кейін басталды. Ел президенті 60 күнге төтенше жағдай жариялады. Тәртіпсіздіктер басталғаннан кейін Эквадор полициясы мен әскерилері 329 қылмыскерді ұстаған және рейд барысында бес террористің көзін жойды.