Үкімет басшысы өңірлерде рұқсатсыз қоқыс төгілген орындардың бәрін жабуды тапсырды

Премьер-министрдің айтуынша, бүгінде өңірлерде қатты тұрмыстық қалдық орналастырылатын 3,5 мың объекті жұмыс істейді. Оның ішінде тек 620-сы ғана талапқа сай келеді деп хабарлайды Спутник Қазақстан. “Экология министрлігіне өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, рұқсатсыз қоқыс төгілген жерлердің бәрін жабу жөнінде пәрменді шаралар қабылдауды және ресурсы сарқылған полигондарды жауып, қайта қопсыту жұмыстарын жүргізуді тапсырамын”, – деді Мамин үкімет отырысында.

Бұдан бөлек, өңірлердің экологиясын жақсарту үшін 2025 жылға дейін орман аумағын 500 мың гектарға ұлғайтып, 2 миллиардтан астам ағаш отырғызу жоспарланған.