Коронавирусқа қарсы вакцинаны кімдерге салуға болмайды

Дәрігер Владислав Жемчуговтың “Вечерняя Москва” басылымына берген сұхбатында иммунитетті тежейтін препараттарды қабылдайтын адамдарға коронавирустық инфекцияға қарсы вакцина салу қауіпті екенін айтты. Маманның сөзінше, екпе салмас бұрын емдеуші дәрігермен кеңескен абзал.

“Мысалы, онкология аурулары бар. Емдеу кезінде иммунитетті тежейтін препараттар беріледі. Сонда бір жағынан вирустан қорғану керек, ал екінші жағынан, керісінше, иммунитетті күшейтпеу керек. Өйткені онкологияны емдеу шаралары жүргізіледі. Сол себепті вакцинация мәселесін өзіңіздің емдеуші дәрігеріңіз шешуі керек”, – деді Жемчугов.

Иммунологтың айтуынша, қабыну мен аутоиммундық аурулары бар, сондай-ақ, қызыл жегі мен қан ауруларына шалдыққан адамдарға вакцина салуға болмайды. Еске сала кетейік, кеше Мәскеуде коронавирусқа қарсы препараттың тіркеуден кейінгі зерттеулері аясында вакцинациялау басталғаны белгілі болды.