Ұлттық қауіпсіздік комитеті 16 тонна есірткі тәркіледі

Комитет еліміздің үш өңірінде арнайы операция жүргізді. Нәтижесінде Петропавл қаласында есірткі қылмысына қатысты топтың көмекшілері ұсталып, 5,5 тоннаға жуық апиын алынды. Оны тамақ өнімдері түрінде шетелден Қазақстан аумағына кіргізіп, есірткіге тәуелді ортада саудалағаны анықталды. “Операцияның екінші кезеңінде Өскемен қаласында 1 тонна көкнәр шикізатын алу үстінде есірткі курьері ұсталды. Дәл осы уақытта, Қарағандыда жалға алған қоймаларда 10 тоннадан аса есірткі шикізатын сақтап келген есірткі қылмысына қатысты топтың ұйымдастырушылары ұсталды”, – деді ҰҚК баспасөз қызметі. Бұған қоса, тінту барысында олардан жарақаттаушы және суық қару, ірі көлемде ақшалай заттар табылып, тәркіленді. Қазір жедел-тергеу амалдары жүріп жатыр.