Lufthansa ұшағында жолаушы көз жұмды

Lufthansa ұшағында жолаушы көз жұмды.

Соған байланысты Мюнхен–Пекин бағытындағы ұшақ Алматы әуежайына шұғыл қонды. Қазақстан авиация әкімшілігінің мәліметінше, оқиға бүгін LH 0722 рейсінде болған.

«Ұшаққа жедел түрде әуежайдың медициналық қызметі мен қалалық жедел жәрдем бригадасы жіберілді. Медициналық қызметкерлер жолаушының ұшу кезінде қайтыс болғанын анықтады», – делінген хабарламада.

Барлық қажетті рәсімдер аяқталған соң, ұшақ Алматыда жанармай құйып, рейсін жалғастырды. Қосымша ақпаратқа сәйкес, көз жұмған ер адам — 30 жастағы шетел азаматы. Болжам бойынша, жолаушының жағдайы ұшу кезінде нашарлап, жүрек талмасы салдарынан қайтыс болған.

Көлік полициясы департаменті қазір тергеу жүргізіп жатыр. Аталған дерек бойынша Алматы әуежайының полиция бөлімі қылмыстық іс қозғады. Өзге ақпарат жариялауға жатпайды.