Ұлыбританияда Ұлттық аза тұту күні жарияланды

Фото: pixabay.com

Патшайым Елизавета Екіншінің қайтыс болуына байланысты Букингем сарайының төбесіндегі ту төмен түсірілді. Біріккен Корольдік, бүкіл әлем орны толмас қайғыға ортақтасып жатыр. Елизавета Екінші билік еткен жылдары Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін ел еңсесін тіктеді. Ұлыбритания империя болуын тоқтатты, бірақ Ұлттар достастығы ұйымына мүше болды. Ол басшылық еткен жылдары 15 премьер-министр ауысты, деп хабарлайды «Хабар 24». Ұлыбритания премьер-министрі Лиз Трасс: Біз үшін бұл орны толмас үлкен қайғы, бірақ Патшайым Елизавета Екінші артына үлкен мұра қалдырды. Біздің мемлекетіміз ол басқарған жылдары өсіп өркендеді. Британия бүгінде Патшайымның арқасында ұлы ел болып тұр,- деді. Ең ұзақ жасаған монарх, патшайымның соңында үлкен отбасы қалды. Елизавета Екіншінің төрт баласы, сегіз немересі және он екі шөбересі бар. Енді жаңа патша ретінде үлкен ұлы 73 жастағы Чарльз таққа отырады. Елде басталған Ұлттық аза тұту 10 күнге созылып, содан кейін ғана жерлеу рәсімі өтеді. Бүгін Лондон уақыты бойынша кешкі алтыда жаңа монарх ұлтқа үндеу жасауы керек. Қайтыс болғаннан кейінгі екінші күні патшайымның табыты Букингем сарайына жеткізіледі. Дәстүр бойынша үшінші күні табыт Ұлыбритания бойынша сапарға аттанады.