Элиталық қонақ үйдің құны 2,5 миллиард теңгеге жуықтайды. Ол бұл жылжымайтын мүлікті премьер-министр лауазымында болғанда елордада бизнес-құрылымдардың бірінен алған. Мәсімов қаңтарда ұсталғаннан кейін бұл қонақ үйден 17,2 миллион АҚШ доллары, көптеген сәнді заттар – элиталық сағаттар, алтын құймалар, антиквариат тәркіленгені хабарланды. Одан бөлек, бизнес-класс санатындағы 11 қымбат автокөлік тәркіленді. Нұр-Сұлтан қаласындағы екі элиталық пәтеріне, Алматыдағы екі пәтерге және сарайға, Щучинск-Бурабай курорттық аймағындағы көлдің жағасындағы ауданы 1 гектар жер учаскесіне тыйым салынды. Мәсімовпен жақын байланыстағы адамдардан 5,1 миллион доллар тәркіленді. “Бір мезгілде Мәсімов пен оның айналасындағылар шетел банктеріне заңсыз шығарған аса ірі мөлшердегі ақшалай қаражатты іздестіру, бұғаттау және Қазақстанға қайтару бойынша жұмыс ұйымдастырылды”, – делінген хабарламада. Қазір жедел тергеу іс-шаралары жүріп жатыр.