Сенатор аграрлық секторды дамытуға 200 миллиард теңге бөлуді ұсынды

Ол бұл қаржыны “Жасыл даму” АҚ шоттарынан алу керекдеп мәлімдеді. Сенатор Әли Бектаев депутаттық сауалында келер жыл “ел аграрлары үшін ауыр болатынын” атап өтті. Оның айтуынша, құрғақшылық әрі минералды тыңайтқыштар, пестицидтер бағасының өсуі бұл салаға кері әсер етеді. “Отынмен, минералды тыңайтқыштармен және сумен қамтамасыз етуге байланысты мәселелердің ешқайсысы шешілген жоқ. Алайда субсидиялардың мөлшері мен түрлері, оларды бөлу тәртібін өзгерту жоспарланып отыр. Аграрлық сектор – тәжірибе жүргізу алаңы емес. Керісінше, ауыл шаруашылығына биыл қосымша қолдау қажет. Халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету көліктен гөрі маңызды”, – деді ол. Одан бөлек, депутат елдегі минералды тыңайтқыштар бағасы мен экспортын реттеу бойынша қатаң шаралар қабылдау қажеттігін жеткізді.