Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин ай сайын қанша алатынын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан. “Менің жалақым шамамен 1 миллион теңге болады. Әрбір министрдің айлығын үкімет бекітеді”, – деді Ильин. Министр қатардағы құтқарушылардың жалақысы төмен екенін мойындады. Бірақ екі жылдың ішінде айлық едәуір көтеріледі. Осы орайда журналистер министр мен қатардағы өрт сөндірушінің жалақысы арасындағы айырмашылық тым үлкен екенін айтып, Ильиннің жеке ойын сұрады. “Нақты қарайтын болсақ, өрт сөндірушілер бір тәулік, кей кезде араға бір күн салып, жұмыс істейді. Ал министр тәулік бойы, күніне 24 сағат жұмыс істейді. Сосын министрдің жауапкершілігі қатардағы өрт сөндірушіден кем емес”, – деп жауап берді Ильин.