Моңғолияда бубон обасына байланысты карантин енгізілді

Моңғолияда бубон обасына байланысты карантин енгізілді. Шектеу шаралары батыс Моңғолияның екі аумағында жарияланды деп хабарлайды Central Asia.

29 маусымда басталған карантин қашанға дейін созылатыны әлі белгісіз. Дереккөз мәліметінше, 27 жастағы тұрғын суыр етін жеген соң, ауруханаға жатқызылған. Тағы бір әйелдің ауыр жағдайда жатқаны айтылады. Әйел 60-тан аса адаммен байланыста болуы мүмкін дейді.

Бубон обасы – жабайы кеміргіштерде өмір сүретін бүргеден берілетін бактериялық ауру. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, адам бұл аурудан уақтылы емделмесе, 24 сағаттың ішінде өліп кетуі мүмкін.