Нұр-Сұлтанда төбелес кезінде Дулат Ағаділдің ұлын өлтіріп кетті

10 қарашада түнгі сағат 23.00 шамасында Нұр-Сұлтан маңындағы Көктал шағын ауданында азаматтық белсенді Дулат Ағаділдің кәмелетке толмаған ұлы Жанболат Ағаділ төбелес кезінде пышақ жарақатын алып, мерт болған.

Бұл ақпаратты Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті баспасөз қызметінің өкілі Эльмира Шәуленова хабарлады.

Төбелестің неден шыққаны белгісіз. Ресми хабарламада “жастар арасында кикілжің болып, төбелеске ұласқаны” айтылған. Соның салдарынан екі адам жарақаттанған.

“Жарақаттанғандардың бірі 17 жастағы Ж.Ағаділ пышақталған, жедел жәрдем көлігі келгеннен кейін жарақаттан көз жұмған” делінген хабарламада.

Оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің 99-бап 2-бөлігі (“Адам өлтіру”) және 293-бап 3-бөлігі (“Бұзақылық”) бойынша қылмыстық іс қозғалған. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Бейресми ақпарат бойынша, оқиғаға байланысты бір адам ұсталған, екеуі іздеуде жүр.