Назарбаев “Нұр Отан” төрағалығын Тоқаевқа тапсырды

23 қарашада “Нұр Отан” партиясының саяси кеңес отырысында бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаев партия төрағалығын қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырды. Бұл жөнінде Назарбаевтың баспасөз хатшысы Айдос Үкібай хабарлады. “Саяси кеңестің кеңейтілген отырысы барысында Нұрсұлтан Назарбаев Nur Otan партиясы Төрағасының өкілеттігін беру туралы шешім қабылдап, партияны ел Президенті басқаруы тиіс екенін атап өтті. Өкілеттіктерді беру рәсімі партияның жарғысына сәйкес жүзеге асырылады”, – деп жазды Айдос Үкібай. Қазақстанды отыз жылға жуық үзіліссіз басқарған Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылы наурызда президент қызметінен кетті, алайда біраз маңызды құзіретті сақтап қалды. Оған Қазақстан қауіпсіздік кеңесін өмір бойы басқару құқығы берілген.