Оңтүстік Кореяда шекарадан заңсыз өтпек болған Қазақстанның екі азаматы қамауда отыр

Бұл туралы Оңтүстік Корея пабликтері мен әлеуметтік желілерден белгілі болды. Korea Komek мәліметінше, қазақстандықтар Түркістаннан. “21 және 18 жастағы қазақстандықтар 25 наурызда Өзбекстаннан Korea Air әуекомпаниясының ұшағымен Кореяға келген. Құжаттарының дұрыс болмауына байланысты кеден қызметкері оларды елге кіргізбей, депортацияны күту залына жіберген. Олар депортация рейсін күту кезінде, әуежайдың ұшу-қону жолағы жанындағы үш метрлік қоршаудан асып, қашып кеткен”, – делінген хабарламада. Екеуі отбасын асырау үшін жұмысқа ұшып келгендерін айтқан. Оңтүстік Корея полициясы оларды шекараны заңсыз кесіп өтіп, қашып кетті деп айыптады. Қордың қолдауымен бір қазақстандық жақында еліне қайтарылуы керек. Корея билігінен 3 күн бойы жасырынып жүрген екінші қазақстандық алдағы 3 айды жергілікті түрмеде өткізеді. Корея заңы бойынша, Қазақстан азаматына 15 жылға дейін мерзім берілуі мүмкін, бірақ оның өз еркімен берілуі жауапкершілікті жеңілдететін жағдай ретінде ескеріледі.