“Қолдарында қымбат қару бар”: Тоқаев Ауғанстаннан келер қауіп жайлы айтты

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азияға Талибандардан* төніп тұрған қауіп жөнінде айтты.
“Менің ойымша, бұл елден қауіп пен қатердің төніп тұрғаны анық. Америкалықтар кеткеннен кейін мұнда үлкен көлемдегі қару-жарақ қалды. Және олар жай қару-жарақ емес, құны 85 миллиард долларға бағаланып отырған заманауи қарулар. Босқындардың ағылу қаупі де сейілген жоқ”, – деді ол Шығыс экономикалық форумының пленарлық сессиясында.
Президенттің сөзінше, бұл «нәзік» мәселеде Қазақстан Ресей мен Ұжымдық қауіпсіздік келісімі ұйымына мүше елдерімен бірыңғай пікірді ұстанады.
“Жуықта Ұжымдық қауіпсіздік келісімі ұйымының саммиті өтті. Ресей президентінің бастамасымен біз Ауғанстанға қатысты мәселелерді талқыладық. Және бұл елден келер қауіп пен қатерге қатысты бірыңғай позицияны ұстану жөнінде шешімге келдік”, – деді ол.
Шығыс экономикалық форумы 2-4 қыркүйек аралығында Владивостоктағы федералдық университет кампусында өтіп жатыр.