Қолма-қол ақшада вирус қанша уақыт сақталады – ұлттық банк жауабы

Ұлттық банк шетелдік ғалымдардың COVID-19 вирусы банкноттарда бір ай сақталады деген ақпаратына қатысты түсініктеме берді.

Қолма-қол ақша айналысы департаментінің директоры Жомарт Қажымұратовтың айтуынша, банкноттардағы COVID-19-дың “өміршеңдік мерзіміне” қатысты бірнеше болжам бар. Бірі вирус бөлме температурасында заттардың бетінде 28 күнге дейін, енді бірі 24 сағатқа дейін өмір сүреді деп отыр.

Еуропа орталық банкінің деректері бойынша банкноттардағы COVID-19 іздері бірнеше сағаттан кейін жоғалады.

“Ұлттық Банк әдеттегідей банкноттарды қайтадан айналысқа шығару алдында ақшаны банктік орауға орап, кемінде 14 күн арнайы орында сақтайды. Осыдан кейін ғана біздің мамандар ақшаны сұрыптауға және санауға кіріседі. Банкноттарда вирустың “өмір сүру” ұзақтығы жөніндегі түрлі нұсқалардың болуы ескеріле отырып, алдын алу мақсатында қолма-қол ақша қайта санауға дейін ашылмаған күйі 45 күн бойы сақталады”, – деді ол.

Ол Ұлттық банктен айналысқа түсетін банкноттардың бетінде COVID-19-дың болу ықтималдығы шамалы деп отыр.