ОСК кандидаттардың әлеуметтік желілердегі үндеуіне қатысты пікір білдірді

Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Константин Петров жекелеген кандидаттардың өз мүддесін көздеуі туралы айтты, – деп хабарлайды Tengrinews.kz. “Әлеуметтік желіде бірқатар кандидаттар өз жақтастарына “сайлаушылар тізімінде тұрған жеріңізден есептен шығару куәлігін алып, басқа округте есептен шығару куәлігімен маған келіп дауыс беріңіз” деп үндеу жасап жатыр. Жалпы, бұл мүмкін емес екенін айтқым келеді. “Сайлау туралы” Заңның 41-бабы 6-тармағының 1-ескертуінде басқа сайлау округі бойынша дауыс беруге ниет білдіргендерге есептен шығару куәлігі берілмейтіні арнайы көрсетілген. Яғни, тіркелген және сайлаушылар тізіміне енгізілген сайлау округі бойынша ғана дауыс бере аласыз. Егер сіз (есептен шығару куәлігі – еск.) алсаңыз да, салыстырмалы түрде айтқанда, Түркістан облысында осы куәлік жарамды болатын сайлау округі шеңберінде дауыс бере аласыз. Басқа облысқа барып, онымен дауыс бере алмайсың”, – деді Петров. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров өз кезегінде осы сенбі, 18 наурызда сағат 18:00-де қазақстандық сайлаушыларға есептен шығару куәлігін алу мерзімі аяқталатынын еске салды.